Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы $3,19 млрд-қа жетті
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстандағы Америка Құрама Штаттарының Төтенше және Өкілетті Елшісі Джули Стаффтпен кездесіп, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, цифрландыру мен жасанды интеллект, сондай-ақ ғарыш саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады,— деп хабарлайды newsroom.kz
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған сапары аясында қол жеткізілген келісімдердің жүзеге асырылу барысы қаралды.
Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың қараша айында Вашингтонға жасаған сапары екі ел арасындағы экономикалық серіктестіктің ауқымын айқын көрсеткенін атап өтті. Жалпы құны 17 млрд долларды құрайтын 29 келісімге қол қойылуы экономикалық байланыстарды кеңейтуге елеулі серпін берген. Қазақстан Үкіметі қол жеткізілген келісімдерді іске асыруға басымдық береді.
«Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастық бүгінгі таңда қарқынды дамып келеді. Оның негізінде елдеріміздің көшбасшылары арасындағы берік қарым-қатынас пен стратегиялық көзқарас жатыр. Бұл біздің бірлескен жұмысымызға нақты мазмұн береді. Жоғары саяси деңгейдегі тығыз диалог алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды тереңдетуге қолайлы жағдай жасайды деп сенеміз», – деді Олжас Бектенов.
Өз кезегінде Джули Стаффт:
«Біздің елдер арасында теңдессіз деңгейдегі қарым-қатынас қалыптасты. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамптың Бейбітшілік кеңесі мен Авраам келісімдері жөніндегі бастамаларына қатысты нақты ұстаным білдірді. Бұл – тарихи әрі серпінді бастамалар. АҚШ пен Президент Трамп Қазақстанның қолдауы үшін алғыс білдіреді», – деп атап өтті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,19 млрд долларды құраса, 2026 жылдың қаңтар–ақпан айларында бұл көрсеткіш 487,4 млн долларға жеткен. АҚШ Қазақстан экономикасындағы негізгі стратегиялық инвесторлардың бірі ретінде атап өтілді. Қазіргі уақытта елде америкалық қатысуы бар 600-ден астам компания табысты жұмыс істеп келеді.
Chevron, ExxonMobil, Amazon, Citi, Wabtec, John Deere, Boeing, Oracle, PepsiCo және Mars секілді ірі компаниялардың Қазақстан нарығындағы қатысуы екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жоғары әлеуетін дәлелдейді.