Референдум–2026: 12,5 млн азамат дауыс бере алады
Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум 15 наурызға белгіленді. Ел бойынша 18 жасқа толған шамамен 12,5 миллион азамат дауыс беру құқығына ие.
Жаңа Конституция жобасы мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделін қалыптастыруға бағытталған. Құжатта басты назар адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға аударылған. Осы ретте алғаш рет адвокатура туралы жеке бап енгізіліп, оның рөлі нақты айқындалған. Бұл өзгеріс адвокаттардың мәртебесін көтеріп, соттағы қорғау тетіктерін күшейтуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар тұрғын үйге қол сұғылмаушылық қағидасы кеңейтіліп, енді сот шешімінсіз азаматтарды тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға жол берілмейтіні нақтыланды.
Құжатта білім беру жүйесінің зайырлы сипаты да нақты көрсетілген. Яғни оқу орындарында білім беру ғылыми қағидаларға негізделіп, діни көзқарастарды міндеттеуге жол берілмейді. Бұл ретте діни оқу орындарының қызметіне шектеу қойылмайды.
Жаңа редакцияда экология мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. Егер бұрын табиғатты қорғау тек азаматтардың міндеті ретінде қарастырылса, енді бұл мемлекеттің негізгі мақсаттарының бірі ретінде белгіленіп отыр. Сонымен қатар қоршаған ортаға қатысты қауіпті жағдайларды жасыру заңмен жазаланатыны көрсетілген.
Референдум өткізу үшін ел аумағында 10 мыңнан астам учаске ашылады, оның ішінде шетелдерде де дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған. Дауыс беру қорытындысы бойынша Конституция қабылданса, ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Сондай-ақ, жаңа Конституция азаматтық қоғамның рөлін нығайтуға және жастардың мемлекеттік процестерге қатысуын кеңейтуге бағытталған. Бұл өзгерістер елдің саяси жүйесін жетілдірумен қатар, құқықтық мәдениетті күшейтетін маңызды қадам болып саналады.