2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі агроөнеркәсіптік кешенде қайта өңдеу үлесі 64%-ды құрады. Бұл нәтижеге ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш және қарақұмық сияқты негізгі өнім түрлері бойынша қол жеткізілген. Ал алдағы жылы аталған көрсеткішті межелі 70%-ға дейін жеткізу көзделуде.
АӨК-тің даму мәселелері қаралған кеңейтілген алқа отырысында саладағы негізгі бағыттар мен алдағы жоспарлар талқыланды. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП-ның, бизнес қауымдастықтың және өңірлік әкімдіктердің өкілдері қатысып, барлығы 300-ге жуық адам жиналды.
Министр Айдарбек Сапаровтың айтуынша, қайта өңдеу деңгейін арттыру – тек сандық көрсеткіш емес, бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, экспорттық әлеуетті күшейтетін маңызды фактор. 2025 жылы тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9 трлн теңгеге жетіп, 8,1%-ға өсті. Ал қайта өңделген өнім экспорты 35,3%-ға ұлғайып, 3,6 млрд АҚШ долларын құрады.
Алдағы үш жылда салада бірқатар ірі жобалар іске асады. Атап айтқанда, майлы дақылдарды өңдеу бойынша 13 жоба, астықты терең өңдеу бағытында жылдық қуаты 5,8 млн тонна болатын 6 жоба, мал шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған 11 жоба және сүт өңдеу қуатын арттыруға бағытталған 12 жоба жүзеге асырылмақ.
Мемлекеттік қолдау шаралары да күшейтілді. Инвесторлар үшін негізгі құралдарды сатып алуға 2,5% мөлшерлемемен, ал айналым қаражатын толықтыруға 5% жеңілдетілген несие беру тетіктері енгізілді. Нәтижесінде, 2025 жылы айналым қаражатына бөлінген қаржы 96,4 млрд теңгеге дейін өсіп, шамамен 180 кәсіпорынға қолдау көрсетілді.
Жалпы, өткен жылы агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялар көлемі 1 643 млрд теңгеге жетіп, айтарлықтай өсім көрсетті. 2026 жылы жалпы құны 1,2 трлн теңге болатын 141 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, халықаралық серіктестермен инвестициялық ынтымақтастық кеңейіп, жаңа келісімдерге қол қою жалғасады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, қайта өңдеу үлесін арттыру – ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеріп, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтетін негізгі факторлардың бірі.