Әлем

Иранда АҚШ пен Израильдің соққылары салдарынан 278 оқушы мен 67 мұғалім қаза тапты

АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған шабуылдары нәтижесінде, 28 ақпаннан 8 сәуірде қол жеткізілген уақытша бітімге дейінгі аралықта, ел бойынша 278 оқушы мен 67 мұғалім қаза тапты,— деп хабарлайды newsroom.kz

Иран мемлекеттік телеарнасының Білім және тәрбие министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша, соққылар салдарынан бастауыш және орта мектептердің 278 оқушысы көз жұмған.

Сондай-ақ 67 мұғалімнің қаза тапқаны, тағы 196 оқушы мен 26 педагогтың жарақат алғаны хабарланды.

Шабуылдар салдарынан 933 мектеп, 54 білім беру басқармасы, 17 мәдени орталық, 36 спорт залы және 8 студенттік лагерь зақымданған.

Қаза тапқан оқушылардың басым бөлігі Хормозган провинциясының Минаб қаласындағы бастауыш мектепке жасалған соққы кезінде тіркелген. Бұл шабуылды АҚШ жасағаны айтылған.

Бұған дейін Иранның Қызыл Жарты ай ұйымы 28 ақпанда Минабтағы қыздарға арналған бастауыш мектепке жасалған шабуыл салдарынан 180-нен астам адамның, оның ішінде 168 баланың қаза тапқанын хабарлаған еді.

Мәліметтерге сәйкес, мектеп 40 минут аралықпен екі рет соққыға ұшыраған.