Теміртауда 36 жылдық жылу магистралі толық қайта жаңартылды
Теміртауда ЭКСЖ аясында жылу желілерін қайта құру бойынша алғашқы пилоттық жобаларының бірі аяқталды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Соның арқасында екі шағын аудан мен Отрадное кентінің тұрғындары көп жылдан бері алғаш рет қыстан апатсыз шықты.
Жоба аясында жалпы ұзындығы 3,64 шақырым ЖМ-2А жылу желілері қайта жаңартылды. Бұл магистраль 36 жыл бұрын салынған және содан бері мұнда күрделі жөндеу жүргізілмеген. Соңғы 5 жылда бұл учаскеде 31 зақымдану тіркелген.
ЭКСЖ жобасы аясында жүргізілген жаңғырту жұмыстары металлургтер қаласындағы жылу желілерінің жалпы тозу деңгейін 75%-дан 73,8%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді. Бұл көрсеткіш аз болып көрінгенімен, іс жүзінде 7,2 мыңнан астам тұтынушы (жеке және заңды тұлғалар, 3 мектепке дейінгі балалар мекемесі, емхана, орта мектеп) оң өзгерісті сезінді.
«Нысандағы жұмыстар аяқталды. Құрылыс кезінде барлық жұмыс жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес орындалды. 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында жылу магистралі пайдалануға берілді. Аталған учаскеде құбырдың жарылуы мен жылудан ажырату жағдайлары тіркелген жоқ», – деп хабарлады ТМРК өңірлік департаментінен.