Жаңалықтар

Кальянға толық тыйым қайта қаралуы мүмкін – министр мәлімдеді

Қазақстанда кальянға қойылған тыйымды қайта қарау мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz

Журналистердің сұрақтарына жауап берген министр бұл мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылданбағанын, алайда үкімет деңгейінде қаралып жатқанын айтты.

«Бұл мәселе шынымен де өзекті, қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қазіргі уақытта пікірлер екіге бөлінді. Әзірге нақты шешім жоқ. Бір кезде Қазақстан кальянға толық тыйым салу жолын таңдады. Бірақ бүгінгі тәжірибе көрсеткендей, кальян бәрібір шегілуде — әрі ол көбіне түтінсіз орта қағидаттары сақталмайтын жерлерде, тіпті балалар мен басқа да келушілердің көзінше қолданылып жатыр», — деді министр форум аясында.

Оның айтуынша, дәл осы жағдайлар мүмкін болатын өзгерістерді талқылауға себеп болған.

«Сондықтан тиісті ұсыныстар енгізілді. Қазір үкімет қарап жатыр. Әзірге нақты шешім қабылданған жоқ», — деп толықтырды Әлназарова.

Журналистер бұған дейін қабылданған шешімдердің неге қайта қаралып жатқанын да сұрады.

«Бұл – халықаралық тәжірибе. Яғни, қабылданған заңдардың қалай орындалып жатқанын талдау жүргізіледі. Егер кейбір нормалар тиімді жұмыс істемесе немесе жеткіліксіз болса, олар қайта қаралады. Мұндай талдау жасау үшін жеткілікті уақыт өтті», — деп түсіндірді министр.

Оның сөзінше, кез келген өзгеріс халықтың мүддесін ескере отырып қабылданады. Әсіресе, «халық денсаулығының мүддесі» басты назарда болады.