АҚШ-та өлім жазасы қайта енгізілді
АҚШ-та ату арқылы өлім жазасы қайта енгізіліп, оны қолдану аясын кеңейту жоспарланып отыр,— деп хабарлайды newsroom.kz
АҚШ Әділет министрлігі Джо Байден тұсында енгізілген федералдық өлім жазасына мораторийдің күшін жойғанын хабарлады. Ведомство бұл жазаны «ең қатыгез қылмыстардың алдын алу» мақсатында белсендірек қолдануға уәде берді. Сондай-ақ басқа шаралар қатарында Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде қолданылған өлімге әкелетін инъекция хаттамасын қайта енгізу қарастырылған.
«Әділет министрлігі заңды өлім жазаларын талап ету, алу және орындау жөніндегі өз міндетін қалпына келтіру үшін шаралар қабылдады. Бұл сотталғандар барлық апелляциялық мүмкіндіктерді толық пайдаланғаннан кейін өлім жазасын орындауға жол ашады», – деп мәлімдеді министрлік.
Сондай-ақ ведомство «ату сияқты қосымша өлім жазасы тәсілдерін енгізу және өлім жазасына қатысты істерді қарау үдерісін жеделдету үшін ішкі процестерді оңтайландыру» туралы хабарлады.
2025 жылғы қаңтарда Дональд Трамп федералдық деңгейде өлім жазасын қайта жандандыру туралы жарлыққа қол қойып, АҚШ Бас прокурорына барлық штаттарды өлімге әкелетін инъекцияға қажетті мөлшердегі дәрілермен қамтамасыз етуді тапсырған болатын.