Forbes-ке сұхбат берген кәсіпкерге қатысты тергеу басталды: Мөлдір Суюншали үйқамаққа алынды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті бірнеше құрылыс компаниясының басшысы Мөлдір Суюншалиге қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша тергеу бастады. Ол Nura Elite коттедж қалашығын салу сылтауымен азаматтардан миллиардтаған қаражат жинады деген күдікке ілінді.
АФМ мәліметінше, 2021–2024 жылдар аралығында Мөлдір Сүйіншалі өзіне қарасты компаниялар арқылы Астанадағы Nura Elite коттедж қалашығының құрылысын жүргіземін деп азаматтардан қаражат тартқан. Жоба аясында 37 коттедж бен 24 таунхаус салу жоспарланған. Алайда бүгінгі күнге дейін таунхаустар толық аяқталмаған, тек ғимараттардың қаңқасы ғана тұрғызылған.
Тергеу барысында сатып алушылармен нысандарды тапсыру мерзімі бірнеше рет бұзылса да, алдын ала сатып алу-сату шарттары жасалғаны анықталған. Қазіргі таңда іс бойынша 56 адам жәбірленуші деп танылып отыр. Тартылған қаражаттың жалпы көлемі 3,9 миллиард теңгені құраған.
Ведомство дерегінше, 322 миллион теңге Мөлдір Сүйіншәлінің, оның жұбайы мен анасының есепшоттарына аударылған. Тағы 145 миллион теңге қолма-қол шешіп алынған.
Сонымен қатар тергеу барысында жылжымайтын мүлікті екі рет сату деректері де белгілі болды. Толық төлем жасалған коттедждердің бірі жеке міндеттемелер бойынша кепілге қойылып, кейін үшінші тұлғалардың атына рәсімделген.
Іс материалдарында «Асылхан» тұрғын үй кешеніне арналған жер телімі мен Перизат Қайратқа қатысты «Біз біргеміз» қайырымдылық қоры да аталады. Тергеу нұсқасы бойынша, құрылысқа рұқсат құжаттары болмағанына қарамастан, Сүйіншалі көпшілік алдында мұқтаж әйелге пәтер сыйлағанын мәлімдеген, алайда тұрғын үй кешенінің құрылысы мүлде басталмаған.
Қазіргі уақытта кәсіпкер әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр.