ЗжТ

Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы 4 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген

Прокуратура тексерісі барысында өндірілген қаражаттың жеке мақсатқа жұмсалғаны анықталды. Бұл туралы newsroom.kz хабарлайды

Жамбыл облысында прокурорлар жеке сот орындаушысының заңсыз әрекеттерін анықтады. Тексеру барысында мемлекет пен банктердің пайдасына өндірілген қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды.

Атап айтқанда, борышкерлерден өндірілген 3,9 млн теңге жеке сот орындаушысының жеке шотына аударылып, өз қажетіне пайдаланылған.

Аталған деректер бойынша ҚР ҚК-нің 251-бабы 2-бөлігі (жеке сот орындаушысының өкілеттігін бірнеше рет теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс тіркелді. 2026 жылғы 20 наурызда іс сотқа жолданды.

Жалпы, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша прокурорлық тексерулер нәтижесінде 168 адам түрлі жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 81-і — жеке сот орындаушылар.

Сонымен қатар, алимент төлеуден жалтарып жүрген 6 азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша қылмыстық істер тіркелді.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 220 млн теңге көлеміндегі берешек өтелді.

Ведомство азаматтардың құқықтарын қорғау жұмыстары жалғасатынын атап өтіп, атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды заң талаптарын сақтауға шақырды.