Ауғанстандағы БАҚ-та жұмыс істейтін әйелдер саны бір жылда 29%-ға азайды
Ауғанстандағы бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс істейтін әйелдер саны бір жыл ішінде 893-тен 634 адамға дейін қысқарды. Бұл туралы Ауған журналистерін қорғау комитетінің ресми мәлімдемесінде айтылды,— деп хабарлайды newsroom.kz
Комитеттің мәліметінше, елдегі медиа саласында қызмет ететін әйелдер саны жыл ішінде 29%-ға төмендеген. Ақпарат Халықаралық баспасөз бостандығы күніне орай өткен жиында жарияланды.
«2025 жылы Ауғанстан бойынша 634 әйел-журналист жұмыс істеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 29%-ға аз. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 893 болған. Мұндай қысқарудың негізгі себебі – БАҚ саласындағы экономикалық қиындықтар», – деді комитеттің бағдарламалық директоры Хасибулла Фарарун.
Комитет өкілдері атап өткендей, медиаға қатысты негізгі мәселелердің бірі – тірі жан иелерінің бейнесін жариялауға қойылған тыйым және ақпаратқа қолжетімділіктің шектелуі. Бұл факторлар саланың экономикалық жағдайын одан әрі күрделендіріп отыр.
Сонымен қатар, Tolo News және Ariana News медиахолдингтерінің басшылары журналистерді қамаудан босатуды сұрап, үкіметке үндеу жасады.
Ауғанстанның ақпарат министрлігінің өкілдері өз кезегінде соңғы бір жылда медианы қолдау мақсатында 144 лицензия берілгенін хабарлады. Сондай-ақ, ведомство БАҚ тарапынан болған 111 құқықбұзушылық жағдайын қарастырған.