Қазақстанда Құрылтай депутаттары 5 жылға сайлануы мүмкін
Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы қаралып жатыр. Құжат елдегі жаңа бірпалаталы өкілді органның құқықтық негіздерін айқындауға бағытталған.
Заң жобасын Мәжіліс депутаты Айдос Сарым таныстырды. Оның мәліметінше, Құрылтай құрамына 145 депутат енеді және олар пропорционалды сайлау жүйесі арқылы 5 жыл мерзімге сайланады.
Сондай-ақ заң жобасында Құрылтай жанынан сегіз бейінді комитет құру көзделген. Бұдан бөлек, алғаш рет Конституциялық заң деңгейінде Депутаттық әдеп жөніндегі кеңестің қызметін бекіту ұсынылып отыр.
Депутаттардың айтуынша, жаңа құжат Құрылтайдың жұмыс тәртібін, депутаттардың құқықтық мәртебесін және заң шығару тетіктерін нақтылауы тиіс.
Егер заң жобасы қабылданса, ол 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.