Жаңалықтар

Ұлытауда «Көкмайса – даланың тірі тарихы» республикалық этномәдени фестивалі өтеді

27 маусымда Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы Ералиев ауылында «Көкмайса – даланың тірі тарихы» атты республикалық этномәдени фестиваль ұйымдастырылады,— деп хабарлайды newsroom.kz

Ауқымды мәдени шара қазақ халқының бай мұрасын, ұлттық дәстүрлері мен көшпелі өркениет құндылықтарын насихаттауға бағытталған. Фестиваль қонақтары этноауылдарды аралап, халқымыздың салт-дәстүрлерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.

Бағдарлама аясында қымызмұрындық рәсімі өткізіліп, ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылып, қазақтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін ерекше көріністер ұсынылады.

Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – 500 бие сауылатын тарихи көріністің сахналануы. Бұл көрініс қазақ халқының жылқы шаруашылығымен тығыз байланысты өмір салтын дәріптеуге арналған.

Мәдени шара барысында елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтеді.

Бағдарламада:
•  Этноауылдар мен ұлттық салт-дәстүрлер;
•  Қымызмұрындық рәсімі;
• Ұлттық спорт ойындары;
• Қолөнер көрмелері;
• 500 бие сауылатын тарихи көрініс;
• Танымал өнер жұлдыздарының концерті.