Жаңалықтар

Индонезиядағы жер сілкінісінен 3 адам қаза тапты

Индонезияның Орталық Сулавеси провинциясында магнитудасы 6,7 болатын жер сілкінісінен кейін 780-нен астам қайталама дүмпу тіркелді. Табиғи апат салдарынан кемінде үш адам қаза тауып, 108 адам түрлі дәрежеде жарақат алған,— деп хабарлайды newsroom.kz

Жергілікті биліктің мәліметінше, негізгі жер сілкінісінен кейінгі үшінші тәулікте барлығы 782 афтершок тіркелген. Олардың ішіндегі ең күштісінің магнитудасы 5,3 болған. Сондай-ақ жер сілкінісі мен оның салдарынан жалпы саны 6,4 мыңнан астам адам зардап шеккен.

Бұған дейін Еуропа-Жерорта теңізі сейсмологиялық орталығы Индонезия жағалауында магнитудасы 6,7 болатын жер сілкінісі болғанын хабарлаған еді. Жер сілкінісінің эпицентрі шамамен 282 мың адам тұратын Сулавеси аралындағы Палу қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 46 шақырым жерде орналасқан. Жерасты дүмпуінің ошағы 10 шақырым тереңдікте болған.