Қолданыстағы заңнамаға сәйкес алкоголь өнімдерін мектептерде, ауруханаларда, қоғамдық көліктерде, спорт нысандарында және басқа да бірқатар орындарда сатуға тыйым салынған. Алайда бұл тізімге автожанармай құю бекеттері енгізілмеген. Жаңа заң жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді.
Бастама авторы, депутат Медер Чотоновтың айтуынша, жанармай құю бекеттері – қауіптілігі жоғары нысандар әрі жүргізушілер тұрақты түрде болатын орындар. Оның пікірінше, мұндай нысандарда алкоголь сатылуы жүргізушілердің жолға шығар алдында спирттік ішімдік сатып алуына мүмкіндік беріп, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болуы мүмкін.
Құжат қабылданған жағдайда, автожанармай құю және автогаз құю бекеттерінің аумағында алкоголь өнімдерін сатуға толық тыйым салынады.
Заң жобасын әзірлеушілер бұл жаңашылдық жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырып, жүргізушілер үшін алкогольдің қолжетімділігін азайтуға және мас күйінде жасалатын жол апаттарының алдын алуға ықпал етеді деп есептейді.