Түркістанда 27 мәселе қаралған мәслихат сессиясы өтті
24 маусым күні сегізінші шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезекті жиырма үшінші сессиясы өтті,— деп хабарлайды newsroom.kz
Сегізінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті жиырма үшінші сессиясының жұмысына облыс әкімі Н.Көшеров, облыс әкімдігінің мүшелері, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары, Кентау қаласы мен Сарыағаш ауданының әкімдері, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, Ардагерлер кеңесі мен Қоғамдық кеңес төрағалары, облыстық қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия жұмысын облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбішов жүргізді.
Сессияның күн тәртібінде 27 маңызды мәселе қаралды.
Күн тәртібінде қаралған Түркістан облысының Құрмет грамотасымен наградтау туралы мәселе депутаттар тарапынан қолдау тауып, шешім қабылданды.
Сонымен қатар, бірқатар мемлекеттік мекемелердің есептері тыңдалды.
Мәселен, сессия жұмысында облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Г.Әжіметова мен облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Ғ.Тәпеев 2025 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөнінде баяндама жасады.
Бұл мәселе бойынша шешімде облыс әкімдігіне бюджет қаражатын тиімді әрі уақтылы игеру, түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу жөнінде ұсыныс берілді. Ал облыстық тексеру комиссиясына мемлекеттік аудиттің тиімділігі мен сапасын арттыру ұсынылды.
Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Н.Мырзахметов басқарманың атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Депутаттар өңір кәсіпкерлерін мемлекеттік қолдау бағдарламаларына кеңінен тарту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыру жұмыстарын күшейту және салынып жатқан өндірістік нысандарды іске қосуды жеделдету жөнінде ұсыныстар енгізді.
Облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Садықов мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Халық қалаулылары бұл мәселе бойынша шығармашылық үйірмелерге қатысатын балалар санын арттыру, кітапханалардың кітап қорын толықтыру және монументтік өнер нысандарын орнату талаптарының сақталуын қамтамасыз ету сынды бірқатар ұсыныстар енгізіп, шешім қабылдады.

Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы А.Сатыбалдының есебі тыңдалып, мемлекеттік сатып алу өткізудің сапасын арттыру және бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне әдістемелік қолдау көрсету жөнінде ұсыныстар қабылданды.
Сондай-ақ облыстық дін істері басқармасының басшысы Р.Сабыржанұлының есебі қаралды. Депутаттар облыс аумағындағы діни тұрақтылықты сақтау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін ұсынып, шешім қабылдады.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Т.Усубалиевтің баяндамасынан кейін басқармаға және аудан-қала әкімдеріне тұрғындарды сапалы ауыз сумен, электр энергиясымен және табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарын жоспарға сәйкес жүргізу ұсынылды.
Сессия барысында облыстық жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Хожахметтің есебі де тыңдалды. Қорытындысында су тасқынының, орман өрттерінің алдын алу және су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын күшейту жөнінде ұсыныстар берілді.
Өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Н.Исаев арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту жөнінде баяндама жасады.

Нәтижесінде отандық және шетелдік инвесторларды тарту жұмыстарын жандандыру, сондай-ақ жоспарланған инвестициялық жобаларды мерзімінде іске қосу үшін тиісті сүйемелдеу жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Сессияда Кентау қаласының әкімі Ж.Тасов пен Сарыағаш ауданының әкімі А.Абдуллаев 2025 жылы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қаржының игерілуі туралы ақпарат берді. Бұл мәселе бойынша қала, аудан әкімдеріне бюджет қаражатын игеру барысында бюджет заңнамасының талаптарын қатаң сақтау жөнінде ұсыныс енгізілді.
Қаралған мәселелер бойынша депутаттар айтылған ұсыныстармен шешімдерді қабылдап, олардың орындалуын бақылауды облыстық мәслихаттың тиісті тұрақты комиссияларына жүктеді.