23 тамыздағы Құрылтай сайлауы: азаматтық белсенділік пен жаңа саяси кезеңнің бастауы
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы елдің саяси жүйесіндегі маңызды бетбұрыс ретінде бағаланып отыр. Бұл туралы newsroom.kz, со ссылкой на egemen.kz
Бұл күні қазақстандықтар дауыс беру арқылы мемлекеттің алдағы даму бағытын айқындауға өз үлесін қоса алады. Осыған байланысты Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығының төрағасы әрі Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің мүшесі Шерзод Пулатов жаңа саяси реформалардың маңызы туралы пікір білдірді.
Оның айтуынша, қос палаталы Парламент елдің құқықтық жүйесін қалыптастыру мен мемлекеттік институттарды нығайтуда маңызды қызмет атқарды. Алайда қоғамның өзгеруіне байланысты саяси құрылымдардың да жаңаруы заңды құбылыс.
«Парламент жұмысының нәтижелілігі оның екі немесе бір палаталы болуына ғана байланысты емес. Ең маңыздысы – депутаттардың кәсіби деңгейі, сарапшылар мен қоғам пікірінің ескерілуі және ашық саяси пікірталас мәдениетінің қалыптасуы әрі заң жобаларының сапалы әзірленуі», – деді Ш. Пулатов.
Сарапшының пікірінше, биылғы сайлау бұрынғы науқандардан өзгеше. Себебі алғаш рет жаңа Конституция талаптарына сәйкес бір палаталы Құрылтайдың құрамы жасақталады.
«Сондықтан бұл – кезекті электоралдық науқан емес, бұл – Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесінің жаңа институционалдық кезеңге қадам басуы.»
Ол сондай-ақ бірыңғай жалпыұлттық округ негізіндегі пропорционалды жүйе партияларға қоғамдағы түрлі топтардың мүддесін біріктіріп, ортақ бағдарламалар ұсынуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Шерзод Пулатов саяси партиялардың бірігуі олардың ішкі саяси шешімі екенін айтып, мұндай өзгерістердің нәтижесі нақты істермен бағалануы тиіс екенін жеткізді.
«Аталған фракцияның «Әділет» партиясының құрамына қосылу шешімі, бұл – саяси күштердің жаңарған құндылықтар мен ортақ стратегиялық мақсаттар төңірегінде топтасуға ұмтылысы. Әйтсе де, кез келген бірігудің құндылығы оның атауынан немесе ұйымдастыру тәртібінен емес, нақты нәтижесінен көрінеді.»
Оның пікірінше, қоғам мен билік арасындағы байланыс тек сайлау күнімен шектелмеуі керек.
«Қоғам мен билік арасындағы диалогтың неғұрлым сапалы болуы – партиялардың бағдарламалары мен депутаттық сауалдарда және парламенттік бақылау тетіктерінде – ел тұрғындарының ұсыныстары қаншалықты көрініс табуына байланысты болады. Сондықтан жаңа Құрылтай қоғамдық пікірді тек тыңдайтын емес, оны нақты заңнамалық шешімдерге айналдыратын институционалдық алаңға айналуы тиіс.»
Сарапшы азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулер барысында халықтың реформаларға қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
«Мұндай сұрақтардың алға тартылуы – қалыпты әрі пайдалы құбылыс. Өйткені қоғамдық сенім – түсіндіру жұмыстарымен ғана қалыптаспайды. Қоғамдық сенім – жаңа институттың нәтижесі мен ашықтығы және қоғам алдындағы жауапкершілігі арқылы нығаяды.»
Ол жаңа Конституциялық модель жағдайында Құрылтай мен Халық кеңесі арасындағы байланысты нығайту маңызды екенін де айтты.
«Құрылтай мен Халық Кеңесі арасындағы байланысты күшейту – азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдалануға, қоғамдық бастамалардың заң шығару барысында жан-жақты қаралуына және азаматтардың үні мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісінде кеңінен естілуіне ықпал етеді.»
Сөз соңында Шерзод Пулатов жаңа институттың басты мақсаты азаматтардың құқықтарын қорғау, әл-ауқатын арттыру және әділетті қоғам қалыптастыру болуы керектігін атап өтті.
«Түпкі мақсат – жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды нақты заңнамалық және институционалдық тетіктер арқылы жүзеге асырып, құқық үстемдігіне негізделген, әділетті, қоғамдық келісімі берік және адам мүддесін басты орынға қоятын мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі дамыту.»