Елорда

Тоқаев Бельгияның Ұлттық күніне орай Король Филиппті құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бельгияның Ұлттық күніне байланысты Король Филипптің атына құттықтау жеделхатын жолдап, екі ел арасындағы серіктестікті одан әрі дамытуға Қазақстанның мүдделі екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында Бельгияның Ұлттық күні ел халқының ынтымағы мен бірлігін айқындайтын маңызды мереке екенін атап өтті. Бұл туралы newsroom.kz, aqorda_resmi-ге сілтеме жасап хабарлайды. 

Президент Қазақстанның Бельгия Корольдігімен қалыптасқан достық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға ерекше көңіл бөлетінін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жуырда Брюссель қаласына жасалған ресми сапар екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамытуға оң серпін берген.

Жеделхат соңында Мемлекет басшысы Король Филиппке жауапты қызметінде толайым табыс тілеп, Бельгия халқына бейбітшілік, бақ-береке және өсіп-өркендеу ниетін білдірді.