Ауғанстандағы су тасқынынан 40-тан астам адам қаза тапты
Ауғанстанның шығысындағы нөсер жауыннан болған су тасқыны салдарынан 40-тан астам адам қаза тапты. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) мәлімдеді,— деп хабарлайды newsroom.kz
Алдын ала мәлімет бойынша, табиғи апат салдарынан ондаған адам жарақат алып, тағы көптеген тұрғын із-түзсіз жоғалып кеткен. Қазіргі уақытта іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
БҰҰ дерегінше, су тасқыны тұрғын үйлерге, қоғамдық ғимараттарға және коммерциялық нысандарға айтарлықтай зиян келтірген. Қазір келтірілген шығын көлемі нақтылануда.
БҰҰ-ның гуманитарлық агенттіктері мен серіктес ұйымдары зардап шеккен халықтың қажеттіліктерін бағалауда. Басым бағыттардың қатарында уақытша баспанамен қамтамасыз ету, азық-түлік, медициналық көмек, бірінші кезектегі қажетті заттар және психологиялық қолдау көрсету бар.
Сонымен қатар, апат аймақтарына жылжымалы медициналық бригадалар жіберіліп, медициналық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді. Алайда бүлінген жолдар мен таулы жер бедері құтқару және гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарын қиындатып отыр.