Жаңалықтар

Ақтаудағы сот ғимаратына полиция мен саперлер жұмылдырылды: не болды?

Әлеуметтік желіде Ақтау қалалық №1 сотының ғимараты маңында бірнеше полиция көлігі мен жарылғыш заттарды залалсыздандыру тобының жұмыс істеп жатқанын көрсететін фото және видеолар тарады. Бұл жағдайға өңірлік полиция департаменті түсініктеме берді,— деп хабарлайды newsroom.kz порталы Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, тексеру жұмыстары ғимаратқа жарылғыш зат қойылғаны туралы хабарламаға байланысты жүргізілген.

Хабарлама түскен бойда оқиға орнына полиция қызметкерлері мен жедел әрекет ету қызметтері дереу жеткен. Мамандар аумақты толық тексеріп, қажетті іс-шараларды жүргізді.

Тексеру барысында жарылғыш құрылғылар немесе өзге де қауіпті заттар табылған жоқ.

Осылайша, азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қауіп туралы ақпарат расталмады.