Қылмыс

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі басталды

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша негізгі сот талқылауы басталды. Елде үлкен қоғамдық резонанс тудырған бұл іс бойынша айыпталушы ретінде Шерхан Аймахан сот алдына келді.

Мемлекеттік айыптаушының мәліметінше, айыпталушыға үш эпизод бойынша айып тағылған. Олар – аса қатыгездікпен адам өлтіру, жәбірленушіні жүйелі түрде қудалау (сталкинг), сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу. Айыптау актісінде тергеу барысында жиналған дәлелдер мен оқиғаның мән-жайы жария етілді. Сонымен қатар сот барысында айыпталушының кінәсі заң талаптарына сәйкес жан-жақты зерттеліп, оған құқықтық баға сот үкімімен ғана берілетіні атап өтілді.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Нұрай Серікбай мен айыпталушы өткен жылдың жазында ортақ таныстарының тойында танысқан. Кейін жігіт бойжеткенге үйленуге ұсыныс жасап, арада бірнеше ай өткен соң оны еркінен тыс алып кеткені айтылады. Жәбірленуші тараптың мәліметінше, қыздың өзі де, оның отбасы да бұл некеге қарсы болған. Туыстары полицияның көмегімен Нұрайды күдіктінің үйінен алып шыққанымен, күдікті қайта мазаламайтынына уәде берген соң оған кешірім жасалған. Алайда, жақындарының айтуынша, бұдан кейін де қудалау мен қорқыту тоқтамаған. Осыған байланысты отбасы бірнеше мәрте құқық қорғау органдарына жүгінгенімен, олардың арыздары бойынша тиісті шаралар қабылданбағанын мәлімдеп отыр.

Еске салсақ, қайғылы оқиға биыл 11 қаңтарда Шымкентте болған. Кешкі уақытта үйінен дүкенге шыққан Нұрай Серікбайға белгісіз ер адам пышақпен шабуыл жасап, оқиға орнынан қашып кеткен. Көп ұзамай әлеуметтік желілерде шабуыл сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған видео кеңінен тарады. Күдікті екі күннен кейін, 13 қаңтарда қала маңынан ұсталып, кейін оған адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бұл іс Қазақстан қоғамында кең талқыланып, әйелдердің қауіпсіздігі, сталкинг пен еркінен тыс некеге мәжбүрлеу мәселелеріне қатысты пікірталасты күшейтті. Іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да назарында болған. Жәбірленуші тарап сот процесінің барынша ашық өтуін талап етсе, қорғау тарапы істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды сұраған. Алғашқы сот отырысы айыпталушының денсаулық жағдайына байланысты кейінге шегеріліп, негізгі талқылау 23 шілдеде басталды.