24 шілде күні Астанадағы «Қазанат» ипподромында өткен көрсетілімде тік көтеріліп, тік қона алатын жаңа буындағы әуе көлігі сынақтан өткізілді. Демонстрациялық ұшу барысында аппарат бірнеше кезеңді орындап, өз мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл – Қазақстан астанасында өткен алғашқы осындай ашық көрсетілім.
Ұшу үшін қытайлық AutoFlight компаниясы әзірлеген Prosperity моделі пайдаланылды. Электрлі әуе таксиі бір ұшқыш пен бес жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 200 шақырымға дейін жетеді, ал бір рет қуатталған батареямен шамамен 200 шақырымға дейін ұша алады. Сонымен қатар электр қозғалтқышының арқасында құрылғы дәстүрлі тікұшақтарға қарағанда әлдеқайда тыныш жұмыс істейді және атмосфераға зиянды қалдық шығармайды.
Соңғы жылдары әлемнің бірқатар елінде қалалық әуе мобильдігі қарқынды дамып келеді. Мұндай технологиялар жол кептелісін азайтып, қала ішінде қатынауды жеделдетуге бағытталған. Сарапшылардың айтуынша, болашақта әуе таксиі тек жолаушы тасымалдауда ғана емес, жедел медициналық көмек көрсету, құтқару операциялары және логистикалық қызметтерде де кеңінен қолданылуы мүмкін.
Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Биыл көктемде алғашқы сынақ ұшуы Алатау қаласында өткізілсе, Астанадағы бүгінгі көрсетілім жобаның келесі даму кезеңін білдіреді. Сонымен қатар елде eVTOL аппараттарын пайдалану, арнайы қону алаңдарын салу және ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты құқықтық база қалыптастырылып жатыр.
Жобаны қазақстандық Alatau Advance Air Group Ltd. компаниясы мен қытайлық AutoFlight бірлесіп жүзеге асыруда. Ұзақ мерзімді жоспарға сәйкес, Қазақстанда вертипорттар салу, цифрлық басқару жүйесін енгізу және қалалық әуе тасымалына арналған толыққанды инфрақұрылым қалыптастыру көзделіп отыр.
Әзірге әуе таксиі коммерциялық бағытта пайдаланылмайды. Дегенмен Астанадағы бүгінгі көрсетілім Қазақстанның жоғары технологиялы көлік жүйесін дамытуға ұмтылып отырғанын аңғартады. Егер жоба сәтті жүзеге асса, алдағы жылдары тұрғындар үшін әуе арқылы қатынау үйреншікті қызметтердің біріне айналуы әбден мүмкін.