Ақпаратқа сәйкес, тексеру барысында интернет желілерінің бір бөлігі көше жарықтандыру бағандарына қажетті рұқсат құжаттарынсыз және қауіпсіздік талаптарын сақтамай орналастырылғаны анықталған.
Осыған байланысты қалада инженерлік инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары басталып, талапқа сай келмейтін кабельдерді алып тастау қолға алынған.
Цифрландыру басқармасының мәліметінше, интернет-провайдерлерге заң бұзушылықтарды өз еркімен жою туралы 2025 жылдың қараша айында ресми ескерту жолданған. Құжатта заңсыз орнатылған кабельдерді өз күштерімен алып, оларды балама инфрақұрылымға көшіру қажеттігі көрсетілген.
Ведомствоның айтуынша, байланыс операторларының бір бөлігі қойылған талаптарды орындап, желілерін қайта орналастырған. Алайда кейбір компаниялар белгіленген мерзім ішінде қажетті жұмыстарды жүргізбеген.
Сол себепті қала қызметтері заңсыз тартылған кабельдерді мәжбүрлі түрде алып тастауға кіріскен.
Әкімдік өкілдері бұл жұмыстардың мақсаты тұрғындарды интернетсіз қалдыру емес, қалалық инфрақұрылымды қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру екенін атап өтті.
Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы интернет желілерін заң талаптарына сай орналастыру міндеті тікелей байланыс операторларына жүктелетінін мәлімдеді.
Сондықтан тұрғындардың интернеті күтпеген жерден өшіп қалған жағдайда, мәселе техникалық ақаудан емес, провайдердің өзіне жүктелген міндеттерді уақытында орындамауынан туындауы мүмкін.
Сонымен қатар басқарма тұрғындарға өздерінің интернет-провайдерлерінен байланыс желілерінің заң талаптарына сәйкестігі туралы ақпаратты нақтылап алуға кеңес берді.
Айта кетейік, қала билігінің мәліметінше, жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – инженерлік желілерді ретке келтіру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және көше инфрақұрылымын қолданыстағы талаптарға сәйкестендіру.