Ақтау тұрғындары: 28–31 шағынаудандарда төрт күннен бері техникалық су берілмей жатыр
Ақтаудағы 28–31 шағынаудандардың тұрғындары төрт күннен бері техникалық судың берілмей жатқанына шағымдануда.
Тұрғындардың айтуынша, олар бұл мәселені бірнеше күн қатарынан Telegram желісіндегі «Маңғыстау облысының әкімдігі» арнасында көтеріп келеді.
Newsroom.kz редакциясы мәселені көтерген Ақтау қаласының тұрғыны Алтынгүл Төлекбаевамен байланысқа шықты.
Оның айтуынша, өңірде су мәселесі жыл сайын жаз басталысымен ушығады.
«Ақтау қаласы бойынша су мәселесі жаз басталар басталмастан басталып кетеді. Күндіз су келмей, түнде ғана беріледі немесе өте әлсіз ағады. Кейде кешке мүлде жауып тастайды. Мұндай жағдайлар жиі қайталанады. Ал қыста жылу мәселесі басталады. Қыс бойы "жылу жоқ" деп арпалысамыз. Бесінші қабаттарға судың қысымы жетпей, мүлде дұрыс көтерілмейді», – дейді ол.
Тұрғынның сөзінше, бұған дейін техникалық су ең көбі бір-екі күнге ғана тоқтатылатын. Алайда бұл жолы төрт тәулікке жуық уақыт бойы техникалық су берілмеген. Осыған байланысты ол Telegram-дағы «Маңғыстау облысының әкімдігі» арнасына бірнеше рет жазба қалдырған. Оның жанайқайына өзге тұрғындар да үн қатып, өңірдегі техникалық су мәселесінің өзекті екенін жазуда.
Newsroom.kz редакциясы бұл ақпаратты тұрғындардың мәліметі негізінде жариялап отыр.
Ақтау қаласы әкімдігі немесе жауапты коммуналдық мекемелердің ресми түсініктемесі келіп түскен жағдайда материал толықтырылып, олардың ұстанымы толық көлемде жарияланады.