Жаңалықтар

Қазақстанда жылыту маусымына дайындық күшейтілді: электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бөлінді

Қазақстан Үкіметі 2026–2027 жылғы жылыту маусымына дайындықты жалғастырып жатыр. Биыл электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге бағытталды. Сонымен қатар жылу және электр желілерін жаңғырту, тәуекелі жоғары нысандарды бақылау және отын қорын қалыптастыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Қазақстанда алдағы жылыту маусымына дайындық аясында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріліп отыр. Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылы электр стансаларын жөндеуге 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9%-ға көп. Қаржы электр энергиясының тарифі есебінен қалыптасады және әрбір станса ең алдымен тозуы жоғары жабдықтарды жаңартуға бағыттайды.

Үкіметтің хабарлауынша, өткен жылыту маусымында энергетика саласына бөлінген инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Былтыр электр стансаларын жөндеуге 348 млрд теңге, ал жылу желілерін жаңартуға 129 млрд теңге жұмсалды.

Нәтижесінде 10 энергоблок, 63 қазандық және 39 турбина күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар 17 мың шақырым электр беру желісі, 420 қосалқы станса жаңартылып, 323 шақырым тозған жылу желілері ауыстырылды.

Жүргізілген жұмыстар энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозуы 53%-ға дейін төмендеп, жылу желілеріндегі тозу деңгейі 50%-ды, электр желілерінде 66,2%-ды құрады. Өткен жылдың желтоқсанындағы ең жоғары жүктеме кезінде энергетикалық жүйе 17,3 ГВт қуат өндіріп, тұрақты жұмыс істеді. Соның арқасында тұрғын үйлердегі температуралық режимнің бұзылу жағдайлары үш есеге азайған.

Қазіргі таңда ерекше бақылауда тәуекелдің «қызыл» аймағына енгізілген бес энергетикалық нысан бар. Олар – Семей, Орал және Тараз қалаларындағы жылу электр орталықтары, Ақтаудағы ЖЭО-2 және Теміртаудағы ГРЭС-1. Жыл соңына дейін электр стансаларындағы жабдықтардың орташа тозуын 52%-ға дейін төмендету жоспарланған.

Бүгінде екі энергоблоктың жөндеуі толық аяқталса, тағы екеуінде жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ 13 қазандық пен сегіз турбина пайдалануға беріліп, қалған нысандарда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Электр және жылу желілерін жаңарту да жалғасуда. Қазірдің өзінде шамамен 6,3 мың шақырым электр желісі, 135 қосалқы станса және 1 253 тарату пункті жөнделген. Республика бойынша жоспарланған 377 шақырым жылу желісінің 65 шақырымы дайын, тағы 278 шақырымда жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Сонымен бірге Үкімет өңірлердің климаттық ерекшеліктерін ескеріп отыр. Солтүстік және шығыс аймақтарда негізгі жұмыстар 1–15 қыркүйекке дейін аяқталса, оңтүстік пен батыс өңірлерінде жөндеу науқаны қыркүйек айының соңына дейін жалғасады.

Ресми мәліметке сәйкес, энергия көздерінің қоймаларында 3,5 млн тонна көмір мен 143 мың тонна мазут қоры жинақталған. Бұдан бөлек, халық пен әлеуметтік нысандардың қажеттілігі үшін жоспарланған 7,5 млн тоннаның орнына 8 млн тоннадан астам көмір дайындалған.

Үкімет көмір жеткізудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық бақылау құралдарын енгізіп жатыр. Сонымен қатар 15 тамыздан бастап өңірлерде жасанды тапшылық пен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында арнайы республикалық штаб жұмысын бастайды.