Аймақтар

Алматыда «Гелендвагеннің» қатысуымен болған жол апатынан екі қыз көз жұмды

Алматының Алатау ауданында Mercedes G-Class пен Suzuki көліктері соқтығысып, екі адам қаза тапты. Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды.

Алматы қаласында Mercedes G-Class («Гелендваген») және Suzuki автокөліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы екі адамның өмірін қиды.

Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, апат 27 шілдеде сағат 03:10 шамасында Алатау ауданындағы Рысқұлов даңғылы мен Шәріпов көшесінің қиылысында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Suzuki көлігінің жүргізушісі кері бұрылу кезінде қарсы бағытта Рысқұлов даңғылымен келе жатқан Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.

Жол апаты салдарынан Suzuki жүргізушісі мен оның жолаушыларының бірі оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір жолаушы мен Mercedes жүргізушісі түрлі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.

Аталған дерек бойынша адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полицейлер апаттың нақты себептері мен мән-жайын анықтап жатыр.