Қаржы

Қазақстанда дропперлердің есепшоттары арқылы 113 млрд теңге өткізілген

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады. Кездесу барысында қаржылық қылмыстарға қарсы күрес, заңсыз ақша айналымын тоқтату, көлеңкелі криптоайырбастау қызметтері мен интернет-алаяқтыққа қатысты атқарылған жұмыстардың нәтижелері таныстырылды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов Мемлекет басшысына ведомствоның есепті кезеңдегі жұмысының қорытындылары туралы баяндады.

Оның айтуынша, агенттік 496 қылмыстық істің тергеуін аяқтаған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлеміндегі шығын өтелді.

Сонымен қатар агенттік қызметкерлері жеті ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде төрт трансұлттық топтың қызметін тоқтатқан. Бұдан бөлек, жалпы айналымы 176 млрд теңгеден асатын заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырудың 44 схемасы әшкереленіп, жойылды.

Заңсыз қаржылық операцияларға қарсы күрес аясында есірткі бизнесі мен интернет-алаяқтықтан түскен табысты жылыстатуға пайдаланылған 12 көлеңкелі криптоайырбастау пунктінің жұмысы тоқтатылды. Сондай-ақ дропперлердің 36 желісі анықталып, олардың банк шоттары арқылы жалпы көлемі 113 млрд теңге болатын операциялар жүргізілгені белгілі болды.

Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына бақылау жүргізу нәтижесінде 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 млрд теңгенің негізсіз шығынының алдын алу мүмкін болды. Сонымен бірге ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражаттың жымқырылу қаупі анықталды.

Бұдан бөлек, жеке медициналық ұйымдардың МӘМС жүйесінен қаржы алу мақсатында 140 мың азаматты жалған тіркеу схемасы әшкереленді.

Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл шеңберінде заңсыз құмар ойындарға қатысы бар 9 мың сайт пен аккаунтқа қолжетімділік бұғатталды. Сонымен қатар 2,3 мың алаяқтық интернет-ресурсының қызметі тоқтатылып, жалпы аудиториясы 35 мыңнан асатын 25 топтық чат жабылды.