Жаңалықтар

Қазақстандағы ең қарызы көп қала аталды

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Алматы тұрғындарының банктер алдындағы берешегі 7,64 трлн теңгеге жетіп, республикадағы ең жоғары көрсеткіш ретінде тіркелді. Одан кейін Астана мен Шымкент орналасқан. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, халық қарызының басым бөлігін тұтынушылық несиелер құрайды.

Қазақстан Ұлттық банкінің мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 шілдеде Алматы тұрғындарының банктер алдындағы жалпы қарызы 7,638 трлн теңгені құрады. Осылайша мегаполис халықтың несие берешегі бойынша елімізде бірінші орында тұр.

Екінші орында 4,236 трлн теңге көрсеткішімен Астана орналасса, үшінші сатыда 2,05 трлн теңгемен Шымкент тұр.

Өңірлер арасында ең ірі несие портфелі Қарағанды облысында тіркелген – 1,39 трлн теңге. Одан кейін Ақтөбе облысы (1,01 трлн теңге), Маңғыстау облысы (861,9 млрд теңге) және Жамбыл облысы (830,8 млрд теңге) келеді. Ең төменгі көрсеткіш Ұлытау облысында – 204,2 млрд теңге.

Еліміздегі халық қарызының басым бөлігін тұтынушылық несиелер құрайды. Олардың жалпы көлемі 17,32 трлн теңгеге жеткен. Сонымен қатар ипотекалық несиелер көлемі 7,45 трлн теңгені, ал өзге мақсаттарға берілген қарыздар шамамен 1,08 трлн теңгені құрайды.

Алматы тұтынушылық несиелер көлемі бойынша көш бастап тұр – қала тұрғындарының мұндай қарызы 5,39 трлн теңгеден асты. Ал ипотекалық несие портфелі ең көп шоғырланған қала – Астана. Елордадағы тұрғын үй несиелерінің көлемі 2,19 трлн теңгеге жеткен.