Қазақстанда аптап ыстық күшейеді: кей өңірлерде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі
Синоптиктер Қазақстанның бірқатар өңірінде алдағы күндері аптап ыстықтың күшейетінін ескертті. Елдің оңтүстігі мен батысында ауа температурасы +44 градусқа дейін жетсе, солтүстік пен шығыста жаңбыр жауып, найзағай ойнайды деп болжанып отыр.
«Қазгидрометтің» мәліметінше, алдағы күндері еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде өте ыстық ауа райы сақталады.
Күндіз Атырау, Ақтөбе облыстарында, Қостанай облысының оңтүстігінде ауа температурасы +40…+43 градусқа дейін көтеріледі. Ал Маңғыстау облысында аптап ыстық +43…+44 градусқа дейін жетуі мүмкін.
Еліміздің орталық, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарында да ыстық бәсеңдемейді. Бұл өңірлерде ауа температурасы +41 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде.
Сонымен қатар атмосфералық фронттардың әсерінен солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде жаңбыр жауып, найзағай, екпінді жел, кей жерлерде бұршақ болуы ықтимал. Синоптиктер тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға шақырды.