Алматыда ақылы интимдік трансляциялар ұйымдастырған вебкам-студияның жұмысы тоқтатылды
Полицияның мәліметінше, Алматы қаласында заңсыз вебкам-студияның қызметі әшкереленді. Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мен Медеу аудандық полициясы жүргізген жедел іс-шаралар барысында ақылы интимдік онлайн-трансляциялар өткізуге арналған пәтер анықталды.
Тексеру кезінде пәтерде тікелей эфирге шыққан қыз бен студия әкімшісі болған. Екеуі де полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Тінту барысында компьютерлік техника, бейнетүсірілім және трансляция жасауға арналған жабдықтар, сондай-ақ тергеу үшін маңызды басқа да заттар тәркіленді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта заңсыз студияның ұйымдастырылуы мен жұмысына қатысы бар барлық тұлғаларды анықтау бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.