Әлемдік мұнай нарығы құбылды: Brent пен WTI арзандады
Бейсенбі күні әлемдік мұнай бағасы алдыңғы күнгі күрт өсімнен кейін төмендеді. Инвесторлар әскери қақтығыстың ушығып, соғыс қимылдарының ауқымы кеңейгеніне қарамастан, Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімі жалғасып жатқаны туралы деректерді бағалауда,— деп хабарлайды newsroom.kz
Қыркүйек айында жеткізілетін Brent маркалы мұнай фьючерстерінің бағасы 1,42%-ға төмендеп, барреліне 89,45 долларды құрады. Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың құны 0,66%-ға арзандап, барреліне 83,90 долларға жетті.
Бір күн бұрын мұнай бағасы соңғы бірнеше айдағы ең жоғары тәуліктік өсімнің бірін көрсеткен еді. Brent 7,9%-ға, ал WTI 6,6%-ға қымбаттап, қақтығыстағы уақытша тыныштық кезінде болған төмендеудің орнын толық толтырды.
Нарыққа қысым мұнай экспортының сақталып отырғаны туралы мәліметтерден кейін күшейді. Кеме қатынасын бақылайтын сервистердің алдын ала деректеріне сәйкес, сейсенбі күні Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы Қызыл теңізге шикізат тиеген 39 кеме өткен. Бұл – 19 шілдеден бергі ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар, Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы әлі де шектеулі күйінде қалып отыр.
IG компаниясының сарапшысы Тони Сикамордың айтуынша, мұнай өңірден бірнеше бағыт арқылы тасымалдануын жалғастырып жатыр, ал нарық қатысушылары балама логистикалық бағыттарды белсенді түрде іздеуде.
«Мұнайдың өңірден әртүрлі бағытпен тасымалдануы жалғасып жатқандықтан, нарық қатысушылары балама логистикалық шешімдерді белсенді іздеуде. Мұндай жағдай ұзаққа созылған сайын, Иранның Ормуз бұғазына ықпал ету мүмкіндігі әлсірей түседі», – деді сарапшы.