LRT орнына Sky Train: Шымкентте жаңа қоғамдық көлік жүйесі қарастырылып жатыр
Шымкентте бірнеше жылдан бері талқыланып келген жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасының орнына аспалы монорельсті Sky Train жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл туралы Newsroom.kz порталы Otyrar-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Шымкент билігі қаладағы жылдам қоғамдық көлік жүйесін дамыту бағытында жаңа баламаларды зерделеуде. Әзірге Sky Train жобасы тұжырымдамалық деңгейде ғана қарастырылып жатыр. Сондықтан болашақ бағыттар, құрылыс құны, іске асыру мерзімі мен қаржыландыру көздері әзірге нақтыланбаған.
Соған қарамастан, қала әкімдігі бірқатар әлеуетті инвесторлармен алдын ала келіссөздер жүргізген. Олардың қатарында Қытай теміржол инженерлік корпорациясы, Түркияның Macoil компаниясы және қазақстандық «Алматы Метроқұрылыс» кәсіпорны бар. Алайда әзірге жобаны қаржыландыру немесе құрылысын бастауға қатысты нақты ұсыныстар түспеген.
Қалада тек Sky Train ғана емес, қоғамдық көлік жүйесін жаңғыртудың басқа да бағыттары қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, BRT желілерін дамыту, автобустар паркін жаңарту, маршруттық желіні жетілдіру және интеллектуалды көлік жүйелерін енгізу жоспарлануда.
Sky Train жүйесінің басты ерекшелігі – пойыздардың жер үстіндегі эстакадалармен қозғалып, автокөлік ағынымен мүлде қиылыспайтындығында. Ал дәстүрлі LRT көбіне арнайы бөлінген жолақтармен жүріп, кейбір жерлерде көлік қозғалысымен түйісуі мүмкін.
Қаланың қандай жоғары жылдамдықты қоғамдық көлік жүйесін таңдайтыны техникалық-экономикалық негіздеме дайындалғаннан кейін белгілі болады. Шешім қабылдау кезінде болжамды жолаушылар ағыны, құрылыс пен пайдалану шығындары және Шымкент агломерациясының даму перспективалары ескеріледі.