Аймақтар

Қазақстанға 90-жылдар қайта оралды ма? Луговойдағы кісі өлімі қоғамды алаңдатты

Жамбыл облысында Луговой бекетінде болған адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Әлеуметтік желілерде тараған жазбадан кейін өңірлік Полиция департаменті ресми түсініктеме беріп, күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.

Әлеуметтік желілерде тараған мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан Луговой бекетінің 25 жастағы тұрғыны Ахмет Дүкенбай көз жұмған. Жазба авторының айтуынша, ер адам өз үйінің маңында оққа ұшқан. Сондай-ақ жарияланымда оқиғадан кейін қылмысқа қатысы барын айтып, полицияға өз еркімен барған азамат болғаны және тағы бір күдіктінің ұсталғаны айтылған. Алайда бұл мәліметтерге қатысты ресми растау берілген жоқ.

Оқиғаға байланысты Жамбыл облысы Полиция департаменті ресми түсініктеме жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Полиция мәліметінше, күдікті анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта қылмыстық істі жан-жақты, толық және объективті тергеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Сондай-ақ полиция Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін мәлімдеді.