Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына арналған бюллетеньнің үлгісін көрсетті
Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған бюллетеньнің үлгісін таныстырды. Ел бойынша 12,7 миллионнан астам бюллетень басып шығару жоспарланып отыр.
Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған дауыс беру бюллетенінің үлгісін жариялады.
Ортсайлауком мүшесі Михаил Бортниктің айтуынша, бюллетень екі беттен тұрады, А4 форматында және көгілдір түсте болады. Алдыңғы бетінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы мен бюллетеньнің атауы орналастырылады. Артқы бетінде 2026 жылғы 23 шілдеде өткен жеребе қорытындысына сәйкес саяси партиялардың атаулары және «Барлығына қарсымын» деген жол беріледі.
Бюллетеньдерді қолдан жасаудан қорғау үшін офсеттік баспа, арнайы қаріптер және басқа да полиграфиялық қорғаныс элементтері қолданылады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, еліміз бойынша сайлаушылар тізіміне 12 605 788 азамат енгізілген. Дауыс беру бюллетеньдері әрбір сайлау округіндегі сайлаушылар санына тең көлемде және қосымша 1 пайыздық резервпен басып шығарылады. Жалпы саны 12 731 847 бюллетень әзірленеді.