weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
Баннер
6 тамыз, 2026 / Жасмина Нурлан / Елорда
Тарату: WhatsApp Telegram Twitter Facebook

NU-де әлем ғалымдары бас қосты: Астанада энергия сақтау технологиялары талқылануда

Астанадағы Nazarbayev University базасында 5–7 тамыз аралығында Наноматериалдар және озық энергия сақтау жүйелеріне арналған INESS-2026 XIV халықаралық конференциясы өтуде. Ғылыми жиынға әлемнің 10-нан астам елінен 200-ден астам зерттеуші, инженер және сала мамандары қатысуда, деп хабарлайды Newsroom.kz

NU-де әлем ғалымдары бас қосты: Астанада энергия сақтау технологиялары талқылануда

Халықаралық конференция барысында энергетика саласының болашағына әсер ететін заманауи ғылыми бағыттар талқылануда. Қатысушылар жоғары қуатты әрі қауіпсіз аккумуляторлар, электр көліктері мен ұшқышсыз аппараттарға арналған энергия сақтау жүйелері, сондай-ақ жаңа материалдарды әзірлеуде жасанды интеллектіні қолдану мәселелеріне ерекше назар аударуда.

Бағдарлама аясында ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу, инновациялық жобаларды коммерцияландыру және жоғары технологиялық өндірісті дамыту жолдарына арналған арнайы стратегиялық сессия ұйымдастырылған.

Конференцияның ашылуында Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад мұндай халықаралық алаңдар ғылымды дамытуға және елдер арасындағы зерттеу ынтымақтастығын нығайтуға маңызды үлес қосатынын атап өтті.

INESS-2026 аясында аккумулятор технологиялары саласындағы әлемге танымал ғалымдар баяндама жасауда. Олардың қатарында литий-ионды аккумуляторлар технологиясының дамуына үлес қосқан профессор Джефф Дан, графит анодының авторы Рашид Язами және натрий-ионды аккумуляторлар бойынша жетекші сарапшылардың бірі Шиничи Комаба бар.

Профессор Шиничи Комабаның айтуынша, бүгінде әлемдік ғылым литий-ионды жүйелермен қатар натрий-ионды аккумуляторларды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Себебі алдағы онжылдықтарда энергия сақтау технологияларына қойылатын талаптар түбегейлі өзгеруі мүмкін.

Бүгінде Nazarbayev University базасында литий-ионды аккумуляторлар өндіруге арналған екі пилоттық өндіріс желісі жұмыс істейді. Бұл зерттеушілерге жаңа материалдарды әзірлеуден бастап дайын аккумуляторларды құрастырып, оларды сынақтан өткізуге дейінгі толық ғылыми-технологиялық циклді жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

INMET бас директоры, профессор Жұмабай Бәкеновтің айтуынша, университет мамандары өз технологиялары негізінде алғашқы тәжірибелік аккумулятор үлгілерін жасап, оларды электр көлігінің борттық жүйесінде сәтті сынақтан өткізген.

Қазіргі уақытта университеттің зерттеу топтары ұшқышсыз ұшу аппараттары, стратосфералық платформалар және CubeSat форматындағы шағын жерсеріктерге арналған жаңа буын аккумуляторларын әзірлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

2013 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан INESS конференциясы бүгінде материалтану мен энергия сақтау технологиялары бағытындағы Орталық Азиядағы ең беделді халықаралық ғылыми алаңдардың біріне айналып, әлемнің түкпір-түкпірінен келген зерттеушілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік беріп келеді.

TikTok
TikTok-та отырсыз ба? Онда бізге жазылыңыз.
Маңызды жаңалықтарды жедел алу үшін жазылыңыз.
Өту→