АҚШ доллары және ағымдағы ахуал

08 Қыркүйек, 2018 2192 0

Тарихи дискурс. Қазіргі кезде әлемдік экономикада доллар атауымен 37 мемлекеттің ақша бірлігі бекітіліп, ұлттық валюта ретінде айналысқа енгізілген. Олардың арасындағы әлемдік деңгейде қолданыстағы резервтік валютаға айналған – АҚШ доллары. 

Валюта бағамын белгілеудің тарихи дамуы нәтижесінде қазіргі жағдай туындап отыр. Экономика тарихында бағалы металлдардың бірінің ақша құралы ретіндегі айналымына негізделген мыс, күміс, алтын монометализмі, екі бағалы металлдың ақша құралы ретіндегі айналымына негізделген күміс, алтын биметализмі белгілі. 1944 жылғы Бреттон-Вудс конференциясынан кейін әлемде алтын монометализмі жойылып, негізгі резервтік валюта ретінде АҚШ доллары қолданыла бастады. Алайда, Бреттон-Вудс жүйесінде ұлттық валюталардың АҚШ долларының қатысты бағамының бекітілулі болуы, алтын бағасының тұрақты белгіленуі мемлекеттер үшін қолайсыздықтар туғызып, валюталық интервенцияларды жиі өткізуге мәжбүрледі. Нәтижесінде 1978 жылы жаңа халықаралық Ямайка валюта жүйесі қабылданды. Бұл жүйе бұрынғы жүйелерге қарағанды либералды, нарықтық өзгерістерге икемді жүйе. Дәл осы жүйе алты ұлттық валютаны резервтік деп танып, доллардың үстемдігін белгілеген болатын. 

Оңтүстік Америка мен мұхиттық елдердің, АҚШ-тың отарлауында болған елдердің АҚШ долларын ұлттық валюта бағамы бекітілген валюта ретінде мойындауы доллардың басымдығын күшейте түсті. 

Арақатынастар алшақтығы. АҚШ пен Түркия арасындағы саяси пікір айырмашылығының нәтижесінде пайда болған экономикалық келіспеушіліктің негізінде АҚШ долларынан бас тарту, сауда-экономикалық қатынастарда ұлттық валютада есеп айырысу жөніндегі көпке белгілі Ердоған мырзаның пікірі туындап отыр. АҚШ Президенті Дональд Трамптың Түркиядан әкелінетін болат пен алюминий импортына баж салығын көтеруінің нәтижесінде түрік лирасының АҚШ долларына қатысты бағамы 94%-ке құнсызданды. 13 қыркүйекке жоспарланған Түркия Орталық банкінің отырысында пайыздық мөлшерлемені, инфляция бағамын қалыптасқан ахуалға байланысты түзетуі күтілуде. Осыған байланысты Ердоған мырзаның дабыл қағуы Түркияның мемлекеттік мүдделері тұрғысынан орынды, дегенмен қазіргі экономикалық қатынастар дамыған жағдайда мемлекеттің әлемдік экономикадан оқшаулануының оң нәтижеге әкелмейтінін тәжірибе көрсетіп отыр. Бізге бауырлас Түркия мемлекеті мен АҚШ қатынастары реттеледі деген ойдамын. Ұлттық валютамен есеп айырысу мемлекеттер арасында мүмкін, бір елдің ұлттық валютасының басқа елдің ұлттық валютасына қатысты бағамының қысқа мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық своптар жасалуы мүмкін. Ұлттық валютамен есеп айырысқанда елдер арасындағы экспорт пен импорт теңгерімін қамтамасыз ету қажет. Ал халықаралық сауда-экономикалық қатынастарда резервтік валютаны пайдаланған тәуекелдердің ықтималдығын төмендетеді. 

Дедолларизация: сана жаңғыруы қажет. Экономикадағы АҚШ долларын азайту мәселесін екі аспектіде қарастыру қажет. 

Бірінші. Мемлекеттің ішіндегі экономикалық қатынастар. Ол үшін ең алдымен біздің азаматтарымыздың санасы өзгеруі қажет. Егер азаматтың шетелмен байланысты кәсіпкерлік қызметі болса, немесе баласын шетелде оқытса ақшасын шетел валютасында сақтауына болады. Ал ел ішінде барлық сауда, банктік операциялар ұлттық валютада іске асырылады, жалақы ұлттық валютада беріледі. Сондықтан да азаматтардың өз жинақтарын теңгеде сақтап, депозиттерді теңгеде ашуы орынды. Оның үстіне қолданыстағы заңнама бойынша “Қазақстандық депозиттерге кепілдік беру қоры” ұлттық валютада ашылған депозиттер мен банктік есепшоттарға 10 млн. теңгеге дейін кепілдік береді. Бұл көрсеткіш шетелдік валютада 5 млн. теңгені құрайды. 

Екінші. Сыртқы экономикалық саясат. АҚШ доллары қазір әлемдегі нөмірі бірінші резервтік валюта, әлемдегі мемлекеттердің 60%-тен астамының алтын-валюта қорлары АҚШ долларында. Негізгі әлемдік шикізат мұнай баррелінің бағамы АҚШ долларында белгіленген. Халықаралық экономикалық ұйымдардың борыштары мемлекеттерге АҚШ долларында беріледі. Осы жағдайды ескере отырып, әлемдік қауымдастық АҚШ долларын алмастыра алатын резервтік валютаны негіздеп, құқықтық реттеу арқылы айналымға енгізгеннен кейін ғана бұл мәселеге қайта оралуға болады.

Ортақ өңірлік валюта. Қазіргі таңда Қазақстан өңірлік интеграциялық жоба – Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі болып табылады. Бұл жоба интеграциялық үдерістердің барлық сатысын өткеріп, экономикалық одақ дәрежесіне жетіп отыр. Экономика заңдылықтары бойынша интеграция дамуының келесі сатысы – валюталық одақ. Валюталық одақ – территориялық қағидат бойынша аумақтық бірлестік, оның ортақ валюта бірлігі мүше мемлекеттер аумағында қолданыла алады. Валюталық одақ құруға қазіргі таңда ең алдымен Ресей мүдделі болып отыр. Одаққа Ресейден өзге БРИКС елдері қосылуы да ықтимал. Одақ құрылған жағдайда экстратерриториалдық қағиданы негізге ала отырып, оған Еуразиялық экономикалық одақтан өзге мемлекеттердің де мүше болуына мүмкіндік туғызған абзал. Ал ортақ валютаның әлемдік деңгейге шығуы, айырбас бағамының орта мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін, ең алдымен уақыт факторы әсер етеді. Екіншіден, валюталық одақ мемлекеттері үшін еуро аймағына қосылатын елдерге қойылатын Маастрих талаптары секілді мемлекеттік бюджеттің тапшылығы, айырбас бағамы, инфляция деңгейі, пайыздық мөлшерлеме сынды макроэкономикалық көрсеткіштерге қойылатын іргелі талаптар жүйесін қалыптастыру қажет. Үшіншіден, ортақ валютаның өміршең болуы үшін валюталық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық дамуындағы айырмашылықтар жойылуы тиіс. 

Бағам болашағы. Қазіргі таңда АҚШ ақша-несие саясатының қатаңдауы, мемлекеттер арасындағы сауда текетірестері (АҚШ-Қытай), әлемдегі геосаяси жағдайдың нашарлауы АҚШ доллары бағамы мен мұнай бағасының құбылуына әкеліп соқтырады. Қазақстанның негізгі сауда серіктесі – Ресейге қатысты АҚШ тарапынан салынған санкциялар теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамына да ықпал етеді. Ресейге салынған санкциялар толқыны қазір өзінің шарықтау шегіне жетті. Егер АҚШ тарапынан жаңа санкциялар салынбаған жағдайда, теңгенің доллар қатысты бағамы жыл соңына қарай тұрақталып, одан әрі бірқалыпты тұрақты болып немесе төмендеуі мүмкін.

Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, экономист

Тегтер: доллар, теңге, АҚШ, банк, ұлттықвалюта, экспорт, бағам

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.