Алматы облысында 87 тұрғын орталық суға қосылмаған
Алматы облысындағы 368 ауылдың 365-і орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Қалған үш ауылдағы 87 тұрғын суды жеке ұңғымалар арқылы алады. 2026 жылы сумен жабдықтау саласында 26 жобаға 18,45 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы Newsroom.kz редакциясының сауалына Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасы жауап берді.
Алатау, Қонаев, Қаскелең, Есік және Талғар қалалары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Ал облыстағы 368 ауылдың 365-і немесе 99,1 пайызы орталықтандырылған жүйеге қосылған. Қалған үш ауылда: Қызылжарда — 51, Шолақта — 16, Ақдалада — 20 адам бар. Барлығы 87 тұрғын ауыз суды жеке ұңғымалар арқылы алады.
Неліктен бұл үш ауыл орталықтандырылған су жүйесіне әлі қосылмаған?
Басқарманың жауабында Қызылжар, Шолақ және Ақдала ауылдарын орталықтандырылған су жүйесіне қосу мерзімі нақты көрсетілмеген. Қазіргі таңда бұл елді мекендердің тұрғындары ауыз суды жеке ұңғымалар арқылы алып отыр.
2026 жылы сумен жабдықтау саласында 26 жоба іске асырылады. Оның 21-і 2025 жылдан өтпелі, оған 16,2 млрд теңге, ал 5 жаңа жобаға 2,25 млрд теңге қарастырылған. Жалпы қаржы көлемі — 18,45 млрд теңге.
Түркістан облысымен салыстырғанда, Алматы облысындағы көрсеткіш жоғары. Түркістанда 801 елді мекеннің барлығы ауыз су жүйесімен қамтылғанымен, 155 елді мекендегі 503,7 мың тұрғын суды кестемен алады. Алматы облысында орталықтандырылған жүйеге қосылмаған тұрғындар саны — 87 адам.
Ал жылыту маусымына облыс қаншалықты дайын?
Жылу саласында облыста 176 шақырым жылу желісі бар, оның тозу деңгейі 40 пайыз. 2 065 көппәтерлі үйдің 1 469-ы немесе 71 пайызы орталықтандырылған жылумен қамтылған. Биыл 3,3 шақырым жылу желісін жаңарту жоспарланған. Оған қоса жылыту маусымына дайындыққа 11,5 млрд теңге қарастырылған: 8,5 млрд теңге — облыстық бюджеттен, 3 млрд теңге — жеке инвестициялардан.
Әлеуметтік нысандарға 15 млн литр сұйық және 4,4 мың тонна қатты отын қажет. Оларды қыркүйекке дейін жеткізу жоспарланған. Басқарманың мәліметінше, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында 40 технологиялық бұзушылық тіркелген, барлығы жедел түрде жойылған.
Алматы облысының әкімі 5–18 қаңтар аралығында еңбек демалысында болған. Сол кезеңде әкімнің міндетін Қ. Есболатов атқарған.