Жаңалықтар

Мемлекет басшысы халықаралық олимпиада жүлдегерлерімен кездесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңіске жеткен қазақстандық оқушылар мен студенттермен кездесті. Newsroom.kz хабарлайды.

Салтанатты шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты. Жас дарындар физика, химия, биология, математика, информатика, география және лингвистика пәндері бойынша білім додаларында үздік нәтиже көрсеткен.

Олардың ішінде 6 оқушы алтын, 11-і күміс, 4-еуі қола медаль иеленген.

Президент жеңімпаздарды құттықтап, олардың жетістігі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыратынын атап өтті.

«Біз сіздермен мақтанамыз. Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жас дарындарға табанды еңбегі мен білімге деген ұмтылысы үшін алғыс айтып, болашақта елдің дамуына үлес қосатынына сенім білдірді.