Жаңалықтар

Қазақстанда QR-төлемдер POS-терминал арқылы төлемдерді басып озды

Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемі артып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартысында ел тұрғындары 7,1 млрд қолма-қол ақшасыз операция жасап, жалпы сомасы 92,1 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында қолма-қол ақшасыз төлемдер саны өткен кезеңмен салыстырғанда 5,1%-ға өскен. Ал олардың жалпы көлемі 4,2%-ға артып, 92,1 трлн теңгені құрады.

Қазір қазақстандықтар тәулігіне орта есеппен 39 млн-нан астам қолма-қол ақшасыз төлем жасайды. Күн сайынғы операциялардың жалпы сомасы шамамен 509 млрд теңгеге жетеді.

Төлемдердің басым бөлігі цифрлық арналар арқылы жүзеге асырылады. Атап айтқанда, барлық операциялардың шамамен 90%-ы интернет, мобильді қосымшалар және QR-кодтар арқылы жасалады.

Сонымен қатар QR-төлемдер танымалдығы жағынан POS-терминалдар арқылы жасалатын карталық төлемдерді басып озған. Бұл қазақстандықтардың күнделікті есеп айырысуда цифрлық төлем құралдарын белсенді пайдаланып келе жатқанын көрсетеді.

Ал қолма-қол ақша шешіп алу операцияларының саны керісінше азайып отыр. Ұлттық банктің бағалауынша, бұл халық арасында цифрлық төлем сервистеріне деген сұраныстың артып келе жатқанын аңғартады.

Мамандардың пікірінше, мобильді банкинг пен QR-төлемдердің кең таралуы төлем жасау процесін жеңілдетіп, қолма-қол ақшаны пайдалануға деген қажеттілікті төмендетіп отыр.