Астанада Өзбекстан профессоры тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды
Астанада Өзбекстан азаматы, халықаралық қатынастар саласының профессоры Иқболжон Қорабоев тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынған. Бұл туралы BBC-дің Өзбек қызметіне сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды.
46 жастағы профессор 3 шілдеде Астанадағы үйінен ұсталған. Оның туыстарының айтуынша, азаматтық киімдегі бірнеше адам профессорды ұстап әкеткен және оған тыңшылық жасады деген күдік бар екенін айтқан.
Қорабоев Астанадағы Maqsut Narikbayev University-де халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Ол Өзбекстан азаматы, Андижан тумасы және Астанада әйелі мен үш кәмелетке толмаған баласымен тұрған.
BBC мәліметінше, профессорға қатысты іс Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабы — «Шпионаж» бойынша қозғалған. Бұл бап шетел мемлекетінің немесе ұйымның мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетелдіктердің Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы өзге де әрекеттерін қамтиды.
Істің нақты мән-жайы, оның қай мемлекеттің мүддесіне жұмыс істеді деген күдікке ілінгені әзірге жарияланған жоқ. Туыстарының сөзінше, ұсталған кезде профессордың Өзбекстан консулдығының қызметкерімен байланысы туралы айтылған.
BBC Қазақстан мен Өзбекстанның бірқатар мемлекеттік органдарына, сондай-ақ профессор жұмыс істеген университетке түсініктеме алу үшін жүгінген. Алайда жарияланған материал кезінде ресми жауап болмаған.