Жаңалықтар

Әйелдер вагоны алғаш рет халықаралық бағытқа шығады

Қазақстанда әйелдерге арналған вагон қызметі алғаш рет халықаралық бағытта іске қосылады. 1 қазаннан бастап Алматы – Ташкент бағытындағы пойыз құрамына әйелдер вагоны енгізіледі. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» мәліметіне сілтеме жасап, Newsroom.kz хабарлайды.

Қызметтің халықаралық бағытта іске қосылуына жолаушылар тарапынан жоғары сұраныс себеп болған. ҚТЖ мәліметінше, ішкі бағыттарда әйелдер вагоны енгізілгелі бері бұл қызметті 946 мыңнан астам жолаушы пайдаланған.

Алматы – Ташкент пойызы күн сайын қатынайды. Алматыдан пойыз 19:05-те аттанып, Ташкентке келесі күні 12:53-те жетеді. Кері бағыттағы пойыз Ташкенттен 14:41-де шығып, Алматыға 08:51-де келеді.

Әйелдер вагонында әйелдермен бірге жеті жасқа дейінгі ұл балаларға да жол жүруге рұқсат етіледі.

Қазір мұндай вагондар Қазақстанның бірқатар ішкі бағыттарында жұмыс істейді. Олардың қатарында Алматы – Маңғыстау, Астана – Шымкент, Атырау – Астана және басқа да бағыттар бар.

Әйелдер вагонына билет сатып алған кезде жолаушылар билеттегі «ЖН» белгісіне назар аударуы қажет.