Жаңалықтар

Қазақстанда Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары қызметі енгізіледі: жаңа лауазым нені өзгертеді?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары деген жаңа лауазым енгізілетінін мәлімдеді. Бұл шешім жаңа Конституция негізінде мемлекеттік басқару институттарын қалыптастыру кезеңінде қабылданып отыр, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Жаңа қызметтің нақты өкілеттігі әзірге жарияланған жоқ. Сондықтан оның негізгі рөлі қандай болатыны бірнеше факторға байланысты.

Біріншіден, лауазымның мәртебесі. Қазір Қауіпсіздік Кеңесінде хатшы және оның орынбасарлары бар. Олар Кеңестің ағымдағы жұмысын қамтамасыз етеді. Ал төраға орынбасары – құрылымдық жағынан жоғары саяси деңгейдегі қызмет болуы мүмкін. Сондықтан оны хатшының орынбасарларымен теңестіруге болмайды.

Екіншіден, күштік құрылымдарды үйлестіру мәселесі. Егер жаңа лауазым иесіне Президент ІІМ, ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, Бас прокуратура және басқа да қауіпсіздік органдарының жұмысын үйлестіру өкілеттігін берсе, ол күштік блоктағы негізгі саяси үйлестірушілердің біріне айналуы ықтимал.

Үшіншіден, басқа елдердің тәжірибесі. Ресейде Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы – Президент, ал төраға орынбасары жеке саяси лауазым ретінде жұмыс істейді. Өзбекстанда да Президент Қауіпсіздік Кеңесін басқарады, ал оның орынбасары күштік және құқық қорғау құрылымдарының өзара іс-қимылын үйлестіруге қатысады.

Алайда бұл модельдерді Қазақстанға тікелей көшіруге болмайды. Жаңа қызметтің нақты салмағын Қазақстандағы нормативтік база мен Президент белгілейтін өкілеттіктер айқындайды.

Төртіншіден, басқару жүйесіндегі функциялардың бөлінуі. Егер күштік құрылымдардың үйлестіру жұмысының бір бөлігі Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарына берілсе, бұл Президент Әкімшілігі мен Қауіпсіздік Кеңесі арасындағы міндеттердің қайта бөлінуіне әкелуі мүмкін.

Сондықтан қазір негізгі сұрақ – жаңа қызметке кім тағайындалатыны ғана емес, оның кімге тікелей бағынатыны, қандай органдардың жұмысын үйлестіретіні және Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысымен өкілеттігі қалай бөлінетіні.

Осы үш мәселе жаңа лауазымның жай ғана қосымша басқару қызметі немесе елдің қауіпсіздік секторындағы жаңа ықпалды үйлестіру орталығы болатынын анықтайды.

Президент жаңа лауазымға тағайындау жасалатынын Үкімет пен өзге де негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастыру жөніндегі алдағы рәсімдермен қатар атады.