Қытай Арктикаға Қазақстан арқылы шығуы мүмкін
Қытай, Қазақстан және Ресей Ертіс өзенін жүк тасымалы үшін пайдаланып, Обь арқылы Солтүстік Мұзды мұхитқа шығатын жаңа бағыт құру мүмкіндігін талқылап жатыр. Бұл бастама «Су Жібек жолы» деп аталып жүр, деп хабарлайды Newsroom.kz South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.
Ертіс Қытайдың Шыңжаң өңірінен басталып, Қазақстанның Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстары арқылы өтеді. Кейін Ресей аумағына өтіп, Обь өзеніне құяды. Ертістің жалпы ұзындығы 4 248 шақырым, оның шамамен 1 800 шақырымы Қазақстан аумағында орналасқан.
Ұсынылып отырған жоба іске асса, Қытай жүктерін Қазақстан мен Ресей арқылы өзен жолымен солтүстік бағытқа тасымалдауға мүмкіндік пайда болуы мүмкін. Бұл Пекин үшін дәстүрлі теңіз бағыттарына тәуелділікті азайтатын балама маршрут ретінде қарастырылып отыр.
Алайда жобаның алдында бірқатар күрделі мәселе бар. Ертістің кей бөліктерінде су деңгейінің төмен болуы, өзеннің қыста ұзақ уақыт бойы қатуы және инфрақұрылымның жеткіліксіздігі тұрақты кеме қатынасын қиындатады. Сондықтан жоба аясында өзенді тереңдету, гидротехникалық нысандар салу және порт инфрақұрылымын жаңғырту қажет.
Еуразиялық даму банкі де бұған дейін Ертіс бассейніндегі Қазақстан, Ресей және Қытай арасындағы ынтымақтастықты күшейту қажеттігін атап өткен. Өзеннің трансшекаралық сипатына байланысты мұндай жоба үш елдің келісілген әрекетін талап етеді.
Әзірге «Су Жібек жолы» нақты іске қосылған көлік бағыты емес, талқыланып жатқан ұзақмерзімді жоба. Оның жүзеге асуы экономикалық тиімділікке, қажетті инфрақұрылымның құнына және үш ел арасындағы келісімдерге байланысты болмақ.