Жаңалықтар

Бақыт Бакетаев: ШЫҰ жаңа әлемдік тәртіптің негізіне айналуы мүмкін

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бішкекте өткен саммиті халықаралық қатынастардың жаңа архитектурасын қалыптастыруға жол ашуы мүмкін. Бұл туралы саясаттанушы Бақыт Бакетаев Berkinbayev_podcast-та мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.

Бақыт Бакетаевтың айтуынша, қазіргі әлемдік саясат бірполярлы жүйеден біртіндеп алыстап, жаңа кезеңге өтіп жатыр. Сарапшы Бішкек саммитінен кейін Батыс пен Шығыс арасындағы екі ірі орталықтың қалыптасу үдерісі жеделдеуі мүмкін деп есептейді.

Ол бұл өзгерістердің негізгі белгілерінің бірі ретінде ұлттық валюталармен өзара есеп айырысудың дамуын және доллардың үлесіне тәуелділіктің біртіндеп азаюын атады. Саясаттанушының пікірінше, ШЫҰ мемлекеттері арасындағы экономикалық байланыстардың күшеюі ұйымның дербестігін арттыра түседі.

Сарапшы Орталық Азияның халықаралық саясаттағы рөліне де тоқталды. Оның айтуынша, өңірдегі бес мемлекет соңғы жылдары сыртқы саясатта өзара келісілген ұстаным қалыптастырып, әлемнің ірі державаларының арасында өзіндік бағыт жүргізуге қабілетті екенін көрсетті.

Бакетаев Қазақстанның бұл үдерістегі орнына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі мен халықаралық мәселелерді бейбіт жолмен шешуге бағытталған ұстанымы Қазақстанның ШЫҰ аясындағы рөлін күшейтеді.

Орталық Азияның қауіпсіздігі де негізгі мәселелердің бірі ретінде аталды. Сарапшы Ауғанстандағы жағдай, терроризм, трансшекаралық қылмыс, киберқауіптер және су ресурстарына қатысты мәселелер өңір үшін өзекті екенін айтты. Оның пікірінше, бұл сын-қатерлерді мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен өзара тиімді шешімдер арқылы еңсеру қажет.

Сонымен қатар Бакетаев көлік-логистикалық жобалардың маңызын атап өтті. Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан теміржолының іске қосылуы Орталық Азияның экономикалық және логистикалық картасына әсер етуі мүмкін. Ал Қазақстан географиялық орналасуы мен Каспий теңізіне шығатын жолы арқылы өңірдегі маңызды транзиттік буын болып қала береді.

Орталық Азияның алдағы дамуы туралы сөз қозғаған сарапшы ең алдымен тұрақтылық қажет екенін айтты. Оның пікірінше, саяси тұрақтылық экономиканың өсуіне мүмкіндік береді, ал экономикалық даму мемлекеттік институттарды одан әрі жетілдіруге жағдай жасайды.

Бақыт Бакетаевтың болжамынша, алдағы он жылда ШЫҰ-дағы интеграциялық үдерістер одан әрі тереңдеуі мүмкін. Ол ортақ қауіпсіздік жүйесі, дамыған көлік-логистикалық кеңістік және болашақта бірыңғай валюта енгізу мүмкіндігін де жоққа шығармайды.

Осылайша, сарапшы ШЫҰ-ны тек пікір алмасу алаңы ретінде емес, халықаралық қатынастардағы ықпалы артып келе жатқан ірі құрылым ретінде бағалайды.