«Қазақтелеком» халықаралық серіктестерін марапаттады
«Қазақтелеком» АҚ халықаралық байланыс операторлары мен серіктестерін Алматыда өткен International Carrier Meeting 2026 шарасында марапаттады.Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
2026 жылғы 2 қыркүйекте ұйымдастырылған кездесуге China Telecom, China Unicom, China Mobile, «МегаФон», «Ростелеком», Arelion Sweden, IBasis, PCCW Global, RETN және басқа да жетекші телекоммуникациялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Марапаттау рәсімінде халықаралық байланысты дамытуға, цифрлық инфрақұрылымды кеңейтуге және елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосқан компаниялар атап өтілді. Олардың қатарында Қытай, Ресей, Орталық Азия және Еуропа елдерінің телекоммуникация саласының өкілдері бар.
«Қазақтелеком» өкілдері серіктестерге цифрлық инфрақұрылым мен халықаралық деректер транзитін дамыту бағытындағы жұмыстарын таныстырды. Кездесуде жаңа жобалар, халықаралық телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіру және ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды.
Компания Қазақстанның Еуропа мен Азия арасындағы географиялық орналасуын халықаралық деректер транзитін дамыту үшін маңызды мүмкіндік ретінде қарастырады. Жаңа желілік түйісулер мен инфрақұрылымдық жобалар өткізу қабілетін арттырып, халықаралық байланыстардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар 3–4 қыркүйекте Алматыда өткен CIS GCCM 2026 VIII конференциясында «Қазақтелеком» өкілдері цифрлық инфрақұрылым, 5G, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және жаңа байланыс арналарының дамуы жөніндегі пікірталастарға қатысты.
Конференция барысында компания әзербайжандық AzerTelecom Int. серіктесімен бірге жүзеге асырып жатқан Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін салу жобасы туралы жаңартылған ақпарат ұсынды.
Жобаның теңіз бөлігін төсеу жұмыстары аяқталған. Қазір кабельді жерүсті инфрақұрылымымен жалғау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны толық коммерциялық пайдалануға 2027 жылдан бастап беру жоспарланған.