Қырғызстан Қазақстанның Көшпенділер ойындарындағы жеңісін мойындады
Қырғызстан тарапы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орын алғанын ресми түрде мойындады. Осылайша, екі ел арасында медальдарды есептеуге байланысты туындаған дау аяқталды. Бұл туралы Newsroom.kz хабарлайды.
Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді. Оның айтуынша, медальдарды санау кезінде техникалық сәйкессіздік болған.
«Командалық есепте медальдарды санау кезінде техникалық сәйкессіздік орын алды. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсысы жеңіп алған медальдарды жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте бірінші орынды Қазақстан иеленді», – деп жазды Алагөзов.
Осыған дейін Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі ұлттық құраманың 32 алтын, 20 күміс және 22 қола, барлығы 74 медаль жеңіп алғанын хабарлаған еді. Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте көш бастаған.
Алайда ойындар аяқталғаннан кейін медальдар есебіне қатысты түсініспеушілік туындады. Бұған дейін жарияланған кестелердің бірінде Қырғызстан 30 алтынмен бірінші, Қазақстан 29 алтынмен екінші орынға қойылған болатын. Кейін бұл кесте ресми ресурстардан алынып тасталды.
Сонымен бірге Қырғызстанның Дене шынықтыру және спорт жөніндегі мемлекеттік агенттігі Көшпенділер ойындарының тұжырымдамасына сәйкес, қатысушы елдер арасында ресми жалпыкомандалық медаль есебі жүргізілмейтінін мәлімдеген.
Дегенмен Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысының соңғы мәлімдемесінде Қазақстанның бірінші орын алғаны нақты айтылып, қазақ спортшыларын жеңісімен құттықтады.
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз – 6 қыркүйек аралығында Қырғызстанда өтті.