«Ай біздікі»: Трамп шынымен Айды АҚШ-қа тиесілі деп жариялады ма?
АҚШ президенті Дональд Трамп 6 қыркүйекте Truth Social әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында АҚШ туы бейнеленген Айдың суретін жариялап, «The Moon Is Ours» («Ай біздікі») деп жазды. Бұл ақпарат рас па? Newsroom.kz анықтап көрді.
РАС. Трамптың мұндай жазбасы шынымен жарияланған. Оның Truth Social аккаунтындағы жазбасы 2026 жылғы 6 қыркүйекте сағат 13:56-да жарияланғаны мұрағаттық деректе көрсетілген. Жазбада Айдың беті, Жердің көрінісі және АҚШ туы бейнеленген.
Алайда бұл АҚШ-тың Айға заңды түрде иелік еткенін білдірмейді.
1967 жылғы Ғарыш кеңістігі туралы шарттың II бабында ғарыш кеңістігі, соның ішінде Ай мен басқа да аспан денелері, қандай да бір мемлекеттің ұлттық иелігіне жатпайтыны нақты жазылған. Мемлекеттер Айды егемендік жариялау, басып алу, пайдалану немесе басқа да тәсілдер арқылы меншіктей алмайды.
Сондықтан Трамптың әлеуметтік желідегі жазбасы ресми аумақтық талап немесе заңды құжат болып саналмайды. Яғни президенттің «Ай біздікі» деп жазуы АҚШ-тың Айға меншік құқығын автоматты түрде туындатпайды.
Айта кетейік, АҚШ 1967 жылғы Ғарыш туралы шарттың қатысушысы. Құжатта Ай мен басқа аспан денелерін зерттеу және пайдалану барлық мемлекеттердің мүддесіне сай жүзеге асырылуы тиіс екені де көрсетілген.