Индонезиядағы жанартау атқылауы: мыңдаған рейс кейінге шегерілді
Индонезиядағы Анак-Кракатау жанартауының атқылауы әуе қатынасына айтарлықтай кедергі келтірді. Атқылау кезінде жанартау күлі шамамен 15 шақырым биіктікке көтеріліп, бірнеше әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Newsroom.kz.
Жанартау 4 қыркүйектен бастап белсенділігін күшейтіп, атқылау бірнеше күнге созылды. Күл бұлты Ява мен Суматра аралығына таралып, Джакарта маңындағы әуе кеңістігіне де жеткен.
6 қыркүйекте Анак-Кракатаудың күлінен Индонезиядағы сегіз әуежайдың жұмысы уақытша шектелді. Олардың қатарында ел астанасындағы негізгі әуежай – Сукарно-Хатта халықаралық әуежайы бар. Сол күні 1,5 мыңнан астам рейс кейінге шегеріліп немесе тоқтатылып, шамамен 170 мың жолаушы зардап шеккен.
Кейін жағдай одан әрі күрделеніп, 7 қыркүйекке қарай 3 мыңға жуық рейстің жұмысы бұзылып, шамамен 341 мың жолаушының сапарына әсер еткені хабарланды. Күлдің ұшақ қозғалтқыштарына қауіп төндіруі мүмкін екеніне байланысты билік әуе қатынасын шектеуге мәжбүр болды.
8 қыркүйектегі мәлімет бойынша, күл сейілгеннен кейін Джакартадағы Сукарно-Хатта әуежайы мен тағы бірнеше әуежай қайта жұмысын бастады. Дегенмен мамандар жанартау белсенділігін әрі қарай бақылап отыр.