Мектептерде БЖБ мен ТЖБ жойылады: министрлік түсіндірді
Қазақстан мектептерінде бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалаудан (ТЖБ) кезең-кезеңімен бас тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Newsroom.kz.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап БЖБ мен ТЖБ бастауыш сыныптарда алынып тасталды. Оның орнына аралық бағалау енгізіліп, оқушылардың күнделікті оқу барысын бағалауға басымдық берілді.
Келесі кезеңде өзгерістер 5–9 сыныптарға қатысты болады. Министрліктің жоспарына сәйкес, бұл сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-дан 2027–2028 оқу жылынан бастап кезең-кезеңімен бас тарту көзделіп отыр.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңа жүйеге көшу үшін алдымен тиісті талдау жүргізіліп, бағалаудың жаңа тәсілдері әдістемелік тұрғыдан дайындалуы керек.
«БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау үшін бізге осындай талдау жұмысы, осындай дайындық қажет. Әдістемелік тұрғыдан дайын болған кезде келесі оқу жылынан бастап кезең-кезеңімен алып тастауды жоспарлап отырмыз», – деді министр.
Ал кейінгі кезеңде өзгерістер 10–11 сыныптарға енгізіледі. Осылайша жоғары сынып оқушылары үшін де қолданыстағы жиынтық бағалау жүйесін қайта қарау жоспарланған.
Министрлік БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау білім сапасына қойылатын талаптарды төмендетпейтінін атап отыр. Керісінше, оқушының күнделікті оқу барысындағы жетістігін бағалайтын қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшеймек.