Ведомство өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жобасы мен емле ережелері жетілдіріліп жатыр. Осы құжаттар тиісті нормативтік-құқықтық актілермен бекітілгенге дейін латын әліпбиінің әртүрлі нұсқаларын ресми түрде қолдану негізсіз.
«Қазіргі уақытта нақты мерзім белгіленген жоқ. Жұмыс жалғасып жатыр. Үкіметтің тиісті тапсырмасы берілгенге дейін нақты дедлайн болмайды», – деді Эльмира Асан.
Оның айтуынша, 2022 жылы тіл мамандары жаңа әліпби жобасын Ұлттық комиссияның қарауына ұсынған. Кейін жоба қайта пысықтауға жіберілген. Қазір мамандар әліпби мен оның емле ережелерін жетілдіру жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін қандай жоспар болған?
Қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы шешім 2017 жылы қабылданған. Сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен қазақ әліпбиін кириллицадан латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру міндеті қойылған еді.
Кейін көшу мерзіміне қатысты жоспар өзгеріп, 2031 жылға дейінгі кезең айтылған болатын. Алайда қазіргі таңда бұл мерзім де нақты бекітілген дедлайн ретінде қарастырылмайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін латын графикасына көшу мәселесінде асығыстыққа жол бермеу қажеттігін айтып, реформаны жан-жақты зерттеу мен талдаудың маңызын атап өткен.