Білім

Қазақстанда хиджабқа қатысты жекеменшік мектептерге ескерту жасалды

Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптарды бұзған жекеменшік білім беру ұйымдарына қатаң шара қолданылуы мүмкін. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген мектеп лицензиясынан айырылуы ықтимал екенін айтты, деп хабарлайды Newsroom.kz Stan.kzке сілтеме жасап.
 

Министрдің айтуынша, мектеп формасына қойылатын бірыңғай талап еліміздегі барлық білім беру ұйымына ортақ. Сондықтан жекеменшік мектептер де белгіленген ережелерді сақтауға міндетті. 

«Барлық мектеп осы ережелер мен талаптарға сәйкес жұмыс істеуі керек», – деді Жұлдыз Сүлейменова.

Ведомство басшысы өткен оқу жылында мектеп формасына қатысты талаптарды бұзған, соның ішінде оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген жекеменшік білім беру ұйымдары болғанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстарға Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен жергілікті атқарушы органдар да тартылған. (Stan.kz⁠)

Ал 2026–2027 оқу жылының басында мұндай мектептер анықталмаған.

Журналист жекеменшік мектеп хиджаб киюге рұқсат берген жағдайда қандай шара қолданылуы мүмкін екенін нақтылаған. Министр лицензияны қайтарып алу тетігі қарастырылып жатқанын айтты.

«Лицензиялау мәселесі бар – лицензиясын қайтарып алу. Бұдан бөлек те бірқатар тетік бар, оларды бірлесіп пысықтаймыз», – деді министр.

Талапты сақтамаған жекеменшік мектептерге қатысты лицензиялық және басқа да шаралар қолданылуы мүмкін.